
Бүгін Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры өзбек жазушы-драматургы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» атты комедиясын аудан тұрғындарының назарына ұсынды. Рухани мәдениетке шөлдеп қалған аудан халқы залға толы жиналып, спектакльдің басталуын асыға күтті. Қойылым басталған сәттен бастап халықтың езуі күлкіден жиылмады.
Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылды. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады.
Қойылым соңында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы тұрғындар көңілінен шыққан туындыға ерекше алғысын білдіріп, «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен қатар “Ойыл ауданына 100 жыл” мерекелік арнаулы сыйлығын тарту етті.
Қойылым Саралжын, Көптоғай ауылдық округтерінде де жалғасын табады.