
Жоба шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттыруды көздейді.
🔰 Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептерде барлығы 14,5 мың бала оқиды. Бүгінгі таңда жоба аясында 10 жетекші мектептің 35 үздік мұғалімі ауылдардағы шағын жинақты мектептердің 10 мыңнан астам оқушысын оқытуда. Қалған 4 мың оқушы интернетке қол жеткізу мәселесін шешілген соң, Bilim All жобасына қатыстырылады.
Жобаның бастапқы кезеңінде ауылдық және қалалық мектептері арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылық 15%-ды құрады. Мұғалімдердің қарқынды жұмысының нәтижесінде екі айда бұл айырмашылық төмендеп, 11,5%-ға жетті.
Жобаны іске асыру нәтижесінде балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасалды, сондай-ақ 5-6 пәннен 1 мұғалімнің сабақ беру мәселесі шешімін тапты.
Bilim All Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы туралы» Жарлығы аясында қолға алынды.
«Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстанда балалардың дамуына, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 2025 жылға дейін өңірде 282 мектеп қайта жаңартылады. Заманауи пәндік кабинеттер пайда болады, кітапхананың мектеп жиһазы ауыстырылады. Bilim All өңірлік жобасы ауылдағы білім беру сапасын арттыруға да оң әсер ететініне сенімдіміз. Бұл жоба ауыл балаларына облыс орталығының үздік мектептеріндегідей білім алуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбеде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен жиын барысында.
Bilim All жобасы аясында шағын жинақты мектептердің оқушыларын Ақтөбедегі жетекші мектептердің үздік нәтижелер мен жоғары сапалы білімі бар мұғалімдері оқытады. Олардың қатарында дарынды жастарға арналған «Bilim-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты және басқа да оқу орындарының педагогтері бар. Олар математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі бойынша онлайн сабақтар өткізеді. Сонымен қатар, онлайн сабақ кезінде сыныпта балаларға материалды игеруге мектеп мұғалімдері көмектеседі.