Қыстың қаңтар, ақпан айлары бұрқасынды боранды болып келеді. Қарлы боран қатты аязбен қабаттасса аса қиын жағдай туындайды. Ауа-райының аяқ астынан құбылуы таң қалдыратын жағдай емес. Осындай құбылмалы кезеңде жолға шыққан жолаушыларды, малшыларды табиғат қыспаққа алып, жолдарды, тұрғын үйлерді қар басуы сияқты адам өміріне, шаруашылыққа зиян әкелетін төтенше жағдайлардың туындауы мүмкін. Сондықтан қыс кезіндегі ауа райының қолайсыздығынан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көлік қозғалысын шектеу үшін жолдарды жабу және басқа да тиісті шаралар қабылдануда. Алайда халық ауа - райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығып кетіп жатады. Қыс мезгілінде жолға шығар алдында, метеорологиялық мәліметтерді тыңдаңыз, дауылды ескертудің жоқтығына көз жеткізу қажет.
- Егер қыс мезгілінде жолға шығатын болсаңыз жылы киім, азық-түлік, тағы басқа да керегі болуы мүмкін заттар мен қамданып алыңыз;
- Өте суық, желді күні қатты тоңуға жол бермеңіз, денеңіздің тоңып, жаны кете бастаған жерлерін уқалап, қимылдатып отырыңыз, айналадағы адамдардың бет-әлпеттерінің, құлақтарының, мұрындарының, иектерінің, жақтарының өзгеруін байқаңыз, кенет құлақтың, мұрынның ұшы және т.б. ағаруы кезінде зақымданған жерді ысқылай, үсіктің алдын алыңыз.
- Аяқ киім тар болмағаны дұрыс, жүн шұлықты жалаң аяққа киіп, сыртынан басқа шұлық кисе жылуды жақсы сақтайды;
- Ауа-райы бұзылып тұрса, таныс емес жерде жолға шықпаған жөн;
- Боранды күні ауыл арасында да жалғыз жүру қауіпті, ең дұрысы жолға шықпау қажет;
- Егерде сіз боранды көліктің ішінде қарсы алсаңыз, көлікті алды жағымен желге қарсы қойып, жақсылап жылы ораныңыз және жанар майды үнемдеп үздіксіз пешті қоса бермеңіз
- Көлік тұрған жерін белгілеп алыңыз
- Көлікті құрсаулап қар басып қалу қауіпі кезінде мезгілімен есігін ашып, күртік қарды бұзып отыруыңыз қажет.
- Қар басқан көлікте қанша жаурасаңыз да қозғалтқышты қоспаңыз. Қозғалтқыш қосылған кездегі шыққан улы газ, салон ішіне бірте-бірте жиналып, сізді қатты аяздан бұрын мерт қылуы мүмкін.
- Егер де сіз жылынғыңыз келсе, сыртқа шығып түтін шығатын құбырды қазып алып, одан шығатын газды көлік астына емес, ауаға кететіндей қылыңыз.
- Көліктен шығар алдында беліңізге арқан байлап алыңыз (оның бір үшін көлікте қалдырыңыз).
- Темір затпен байланыспаңыз. Қатты аязда темір бұрайтын кілтті бір-екі минутқа жалаң қолмен ұстасаңыз, қолыңыз үседі.
- Жылыну үшін, керек емес және жануға болатын заттарды еске түсіріңіз (ауыстыратын дөңгелек, шина және т.б.)
- Боранда жаяу жүріп жетем деген бекершілік. Егер жаяу шығып боранға кезіксеңіз алысқа ұзап кетпей кері қайту қажет. Ертелі-кешпе сіз шаршайсыз, жолдан адасасыз, содан соң демалуға отырған кезіңізде үсікке ұшырайсыз.
- Тікелей қар ішінде ықтайтын жер жасап, жылу жинайтын көрпешеге денелеріңізді барынша бір-біріңізге жақындатып тығыздала отырыңыз. Қар ішінде жасалған баспанаға отырудың алдында айналаға қарап, қай жерде орналасқаныңызды және жақын маңда қандай елді мекен бар екендігін барлап, ықтаған жерлеріңізге көрінетін белгі қойыңыздар. Баспананың төбесінен ауа кіретін желдеткіш тесігін ашыңыз (адам басына), үздіксіз қар жауған жағдайда, оны уақытылы тазалап тұрыңыздар. Сол баспананың ішінде отырып 2-3 сағат демалудың өзі адамның бойын жылытып, күш жинауға мүмкіндік береді. 2-3 адам болса кезектесіп ұйықтауға болады.
- Жалғыз адам болған жағдайда ұйықтамауға тырысыңыз, аса қажеттілік болмаса баспанадан шықпаңыз.
- Суықта алкаголь ішімдігін ішу зиянды. Ол аз уақыт ішінде көп жылу шығару арқылы адам бойын жылытады, содан кейін адам тез салқындап, қатты жаурайды. Бұның арты өз өміріңізге қауіп төндіреді сонымен қатар алкаголь ішкен адам дұрыс шешім қабылдай алмайды.
Құрметті аудан тұрғындары әр бір адам төтенше жағдай кезіндегі өз өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін бар күш жігерін жинап, осы жоғарыда айтылған қауіпсіздіктің қарапайым шараларын естен шығармаған абзал.