Ақтөбе облысының әкімі өңірді аралауды жалғастыруда

Ақтөбе облысының әкімі өңірді аралауды жалғастыруда

5 мамыр күні өңір басшысы Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Қобда және Ойыл аудандарын аралады.

Жұмыс сапары Бестау ауылына кіреберіс жолдың орташа жөнделуімен танысудан басталды. Жолдың ұзындығы - 13,1 шақырым. "Қазстроймагнум" ЖШС мердігерлік ұйымының өкілдері жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және қазан айында аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар, облыс әкімі қыркүйек айында аяқталатын аудандық маңызы бар "Қобда - Сарыбұлақ - Абдыбұлақ" автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Айта кетейік, Қобда ауданында Сарыбұлақ, Терісаққан және И.Білтабанов атындағы ауылдарының кірме жолдары да жөнделуде, 8 ауылішілік жолдар жаңартылады.

"Абат Байтақ кесенесіне, Талдысай, Жаңаталап, Жарық, Өтек ауылдарына дейінгі жолдарды жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға кірістік", - деп хабарлады жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы есеп береген аудан әкімі Болат Құлов.

"Біздің басты мақсатымыз - ауылдық жерлерден халықтың көшіп кетуін болдырмау. Ол үшін ауылдарда жолдар салып, газдандырудамыз. Халықтың ауылда жайлы өмір сүруге, ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі болуы тиіс. Инфрақұрылымдық даму бойынша жобаларды жеке бақылауыңызда ұстаңыз", - деп тапсырды аудан әкіміне Оңдасын Оразалин.

Кейін халықпен кездесу өтті. Өңір басшысы аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин "Б.Е.К." ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен BS Agro шаруа қожалығына барып, көктемгі егіс жұмыстарына соңғы әзірліктермен танысты. Айта кетейік, ағымдағы жылы Қобда ауданындағы егіс алқабы 49,6 мың гектарға дейін кеңейтілді. Өткен жылы мұнда 35,7 мың га. жер егілген болатын.

Аудан шаруаларымен кездесуде облыс әкімі оларды барлық толғандыратын мәселелер туралы ашық айтуға шақырды.

"Ештеңені жасырмаңыздар. Біз "Бизнестің жол картасы" бағдарламасына қатысу, жер мен субсидия беру бойынша барлық қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Себебі бізге сіздердің тұрақты жұмыс істегендеріңіз қажет", - деді Оңдасын Оразалин.

Фермерлерде сұрақтар аз болды. Атап айтқанда, біреуі ғана оның алқаптарына суару жүйесін салуға көмек сұрады. Оңдасын Оразалин жауапты мемлекеттік органдарға осы мәселені егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.

Ауданды аралау Батпақты көлі арқылы өтетін қайта қалпына келтірілген көпірді тексерумен аяқталды. Көпір осы жылдың сәуір айында көктемгі су тасқыны кезінде қираған.

Ойыл ауданында облыс әкімі ұзындығы 26,9 км болатын Қайыңды ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобаны келесі жылдың көктемінде аяқтау жоспарланып отыр. Айта кету керек, бұл жолдың бойында тағы екі ауыл - Ақжар мен Көсембай ауылдары орналасқан.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Тамдыкөл су реттегіші арқылы лиманды алқаптарды суландыру жұмысымен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, Қаратал ауылында тұрғындармен кездесті.