Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі толық цифрлық форматқа көшіріледі

Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі толық цифрлық форматқа көшіріледі

Жуырда Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі заңға қол қойды. Олар - "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар. Жаңа заңға сәйкес елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау толық автоматтандырылады.

"Енді кадрларды іріктеу мен басқару процестері цифрлық форматта жүзеге асырылады. Бұл ашықтықты және үміткерлердің мемлекеттік қызметке барлық саладан келуін қамтамасыз етеді. Қазір мемлекеттік қызметке келу 5-7 күнге қысқарды, бұрын кем дегенде 20 күн жұмсалатын" - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Рафхат Бисенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар егер лауазым 3 айдан артық бос болса, «е-Қызмет» жүйесінде автоматты түрде конкурс жарияланады. Спикердің айтуынша, Заң мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және азаматтарға қызмет көрсетудің сервистік моделін дамытуға бағытталған. Құжатта жастарды мемлекеттік қызметке даярлау, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері қамтылған. Сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген. Заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту және тәртіптік рәсімдерді жетілдіру нормалары да қарастырылған.