Ойыл ауданында ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Ойыл ауданында ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

⚜️2025 жылғы 27 тамыз күні Ойыл ауданы әкімдігі ғимаратында Ойыл аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ардагерлер ұйымдарына жүктеген тапсырмаларының ауданда жүзеге асырылуы және алдағы міндеттерді айқындау болды.

🔹️Пленумды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев жүргізді. Шараға Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, төралқа мүшелері Түрікпенбай Айжарықов пен Есімхан Есенбаев, Мәртөк аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырбай Шудабаев, сондай-ақ Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев арнайы қатысты.

🔸️Сонымен қатар пленум жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер бастауыш ұйымдарының төрағалары, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы және БАҚ өкілдері қатысты.

🔹️Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев негізгі баяндама жасап, ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы рөлі мен Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттердің орындалуына тоқталды. Баяндама аясында аудандық ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстары мен болашақтағы жоспарлары жан-жақты сараланды.

🔹️Талқылау кезеңінде еңбек ардагері Сәрсенбай Аманғосов, Ойыл мешітінің имамы Бақжарық Қызыр, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» аудандық филиалының төрайымы Зоя Дауылбаева, сондай-ақ түрлі салалардан ардагерлер жарыс сөзге шығып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

🔸️Жиын қорытындысында пленум қаулысының жобасы қабылданып, аудандық ардагерлер кеңесінің алдағы жұмыс бағыты бекітілді.

🔹️Сонымен бірге, пленум аясында ардагерлер ұйымының белсенді мүшелері марапатталды. Олардың қатарында Өтеген Сагатов, Ғазиз Займолдаұлы Займолда, Сырға Тайшыбайқызы Қалдығұлова, Өтесін Қошқаров, Бигали Ахметов, Меруерт Ғаббасова, Разихан Ешмұхамбетова және басқа да ардагерлер бар.

🔸Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов сөз сөйлеп, аудандық ардагерлер ұйымының жұмысына оң бағасын берді және ардагерлерге зор денсаулық пен табыс тіледі.