Шиқұдық елді мекеніне газ тартылды

Шиқұдық елді мекеніне газ тартылды

Ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету  – Мемлекет басшысы үнемі баса назар аударып отырған бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба Ақтөбе өңірінде жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Жыл соңына деген облыстың газбен қамтылу көрсеткіші 97%-ке жетеді деген жоспар бар.
 
Күні кеше  Шиқұдық ауылына газ тартылды. Мектеп, медициналық пункт, ауылдық клуб сияқты әлеуметтік нысандар салынған елдімекенде 26 түтін бар, 169 тұрғын тұрады.
 
🖇️Әлия Жайсаңбаева - Ойыл ауданы Шиқұдық ауылының тұрғыны. Ауылдағы медициналық пунктте медбике болып жұмыс істейді. Асүйдің иесі ретінде Әлия үшін газдың келуі – үлкен қуаныш. Бұрын көмір мен отын дайындауға көп уақыт кететін болса, енді тұрмыс әлдеқайда жеңілдеп, жұмысына да, отбасына да көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды.
 
Газ желісін іске қосу салтанатты шарасында Саралжын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қошқаров Өтесін де, Шиқұдық ауылының тұрғыны Нұртанов Сералы да жағымды жаңалыққа шексіз риза екендерін жеткізді. Олар бұл күнді ауыл тарихындағы маңызды белес деп бағалап, елді газбен қамтуға үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтты. Бұл игі істің ауылдың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтауына да әсер ететінін жасырмады.
 
💭«Тілегіміз орындалып ауылымыз газбен қамтылуда. Ең алдымен, бұл ауылымыздың әлеуетін көтереді, жастардың туған жерін түлету үшін осы елде қалуына мүмкіндік береді. Газ тарту жұмыстарына араласқан жұмысшыларға, қолдау көрсеткен Президентке, облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Бақытты болыңыздар, ғұмыр жастарыңыз ұзақ болсын. Ең бастысы — халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай», - деп бата берді ақсақалдар.
 
🔹Шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев, QazaqGaz Aimaq Ақтөбе филиалының өкілдері қатысты.
 
Айтып өтейік, бүгінгі күні Ойыл ауданының газбен қамтылуы 47,9%-ті құрап отыр. Биылғы жылдың аяғына дейін үлес 57,2%-ке жетеді.