⚜️Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Мемлекет басшысының өңірімізге жасаған сапары жөніндегі жазбасы

⚜️Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Мемлекет басшысының өңірімізге жасаған сапары жөніндегі жазбасы

Күні кеше өңірімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы іс-сапармен келді. Президент өз сөзінде: «Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл – ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын», -деп атап өтті.

Бекітілген жоспарға сәйкес, Батырдың мерейтойына арналған шаралар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Солардың бірі – өңірімізде 23-28 маусым күндері аралығында өтіп жатқан XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны. Шараның шымылдығын Мемлекет басшысының өзі ашып, қатысушыларға арнайы тағылымдық тілегін арнады.

Бұл жиын Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің 800-ге жуық жасөспірімінің басын қосты. Маңызды шараның түпкі мәні – жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, өскелең буынды Отанға адал болуға баулу. Яғни, «Айбын» – тек жарыс емес, рухтың, білімнің және достықтың алаңы. «Айбын» - жастарды ел мен жерді қорғауға әрдайым әзір тұратын азамат ретінде тәрбиелеуді көздейді. Бұл – бойдағы патриотизмді оятатын үлкен мектеп.

Атап өтер жайт, ол – жарысты ұйымдастыру. Біз бұл шараға тыңғылықты әзірлік жұмыстарын жүргіздік. Сарыжар ауылы маңындағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері институтының ұшу айлағындағы дайындық бірнеше айға созылды. Арнайы патриоттық қалашық тұрғызылып, түрлі жарыстар мен жаттығуларға арналған заманауи инфрақұрылым жасақталды. Оқу-жаттығу корпустары жаңартылып, техникалық база күшейтілді.

Құрылған инфрақұрылым бұдан әрі Ақтөбе облысы жастарының әскери дайындығын ұштауға қызмет ететін болады. Бұл – жас сарбаздарға сапалы дайындық пен шынайы әскери тәжірибе алуға жасалған зор мүмкіндік.
Сайысқа өңіріміздің атынан қатысатын үш топқа біріктірілген жасөспірімдеріміздің дайындықтарын да пысықтадық. Оларға үлкен додада сәттілік тілеймін.

«Айбын» 28 маусым күні қорытындыланады. Байрақты бәсекені ұйымдастыруға атсалысқан барша жерлестерге зор ризашылығымды білдіремін.
Кешегі күн – бүгінгі тарих!
Ел рухы биік, болашағымыз баянды болсын!