«Алқабилер туралы» заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуымен Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынады. Тізімде алқабиге кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, күні мен айы және тұрғылықты жері бойынша тіркелуі көрсетіледі.
Алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде 25 жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар және психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Сондай-ақ судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi де ене алмайды. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, 65 жастан асқан адамдар, дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.
Жалпы, алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол – ерекше әлеуметтік институт.
Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойылатын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге, iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға, жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, заңда көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады. Төрағалық етуші судья сот отырысы барысында алқабилерге қойылатын шектеулерді сақтамаған алқабиді сот процесіне одан әрi қатысудан шеттетуі мүмкін. Бұл жағдайда шеттетілген алқабиге айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.
Бүгінде алқабилер сотына азаматтарды таңдаудың оңтайлы жолы қарастырылып келеді. Бұл институт қызметінің бір ізге түсіп, кең қолданысқа ие болуының мәні өте зор. Алқабилер сотының қолданылу аясының кеңеюі әділетті сот жүйесінің биік деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізері де сөзсіз.
Еліміз заң үстемдігі орнаған әділетті қоғам орнатуға батыл қадам басты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесінде ашықтықты қамтамасыз ете отырып, әділдікті бұлжытпай сақтау бағытында реформалар жүріп жатыр. Еліміздің сотқа сенімін арттыруда қарапайым халықтың өкілдері болған алқабилердің орны бөлек. Сондықтан сот ісіне қатысу – алқабилер құрамына енген әрбір адамның азаматтық міндеті.
Ойыл ауданының
прокуратурасы