15 маусым – Медицина қызметкерлері күніне орай Ойыл ауданында ақ халатты абзал жандарға арналған мазмұнды мәдени шара өтті.

15 маусым – Медицина қызметкерлері күніне орай Ойыл ауданында ақ халатты абзал жандарға арналған мазмұнды мәдени шара өтті.

Бұл күн – адам жанының арашасы болған дәрігерлерге ел алғысын білдіретін ерекше мейрам. Аудан тұрғындары мен мәртебелі қонақтар медицина саласы қызметкерлерін құрметтеу кешіне жиылды.

🔹️Мерекелік кеш аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы Қазыбаевтың құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде: «Адам өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер қауымына шын жүректен ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті.

🔸️Салтанатты жиында сала үздіктеріне түрлі марапаттар мен Алғыс хаттар табысталды. Аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттармен қатар, салалық ұйымдар мен мекеме басшылары тарапынан да марапаттар ұсынылды. Медицина саласын дамытуға үлес қосқан қызметкерлер «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен және түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлердің есімдері алғаш рет көпшілік алдында аталды.

🔹️Медицина саласының ардагерлеріне де биік құрмет көрсетілді. Жылдар бойы адам жанына араша болған ақ халатты жандар сахна төріне көтеріліп, кеш қонақтарына жүрекжарды тілектерін арнады. Сөз алған ардагерлер өздерінің өмір жолындағы естеліктерімен бөлісіп, кейінгі буын дәрігерлеріне ақыл-кеңестері мен жылы лебіздерін жеткізді.

🔸️«Бұл мамандық – тек кәсіп емес, бұл – тағдыр. Науқастың жанын түсіну, дертіне демеу болу – әр дәрігердің басты миссиясы. Біздер оны жылдар бойы жүрекпен сезіндік», – деді ардагерлердің бірі тебірене. Ардагерлердің әңгімелері мен өмірлік тәжірибелері жиналған жұртты бейжай қалдырған жоқ. Жастарға – үлгі, әріптестеріне – мақтаныш болды.

🔹️Кеш барысында ән мен күй де шалқыды. Ақ желеңді жандарға арнап әуелеген әндер мен шырқалған әсем әуендер көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Медицина қызметкерлерінің қатысуымен қойылған сахналық көріністер, арнайы музыкалық тартулар мен әндер мерекелік кештің шырайын арттыра түсті.

🔸️Сондай-ақ, шара аясында өмірден өткен дәрігерлерді еске алу сәті де өтті. Залда бір минут үнсіздік жарияланып, экраннан ардагер дәрігерлердің суреттері мен есімдері көрсетілді. Бұл – жанға жылу беретін, жүрекке жететін әсерлі көріністердің бірі болды.
🔹️«Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» ақ халатты абзал жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір дәлелдеген тағылымды шара көпшіліктің көңілінен шықты. Осындай кештер арқылы адам жанына араша болған мамандық иелеріне елдің ықыласы мен алғысы анық аңғарылады.