Қазақстанда инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді

Қазақстанда инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді

Қазақстанда инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді

Қазақстанда инвестициялық белсенділіктің артып жатыр. 2026 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,7%-ға ұлғайып, 4,9 трлн теңгеге жетті, ол экономиканың өсу қарқынынан жоғары. Бұл ретте 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны былтырмен салыстырғанда 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.

Спикер халықаралық Moody’s, Standard & Poor's және Fitch рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егеменді рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде жүйелі түрде растап отыратынын атап өтті.

«Қазақстанға инвестиция тарту үшін шетелдік мекемелерді, орталық мемлекеттік органдарды және өңірлік деңгейді қамтитын инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі қалыптастырылды. Әрбір өңірде инвестициялар тартуды қажет ететін нақты жобаларды көздейтін инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Жобалар іріктеліп алынғаннан кейін, Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы инвесторларды іздеу бойынша атаулы жұмыстар жүргізіледі», – деп атап өтті вице-министр.

Қолайлы инвестициялық климат құру мақсатында бизнесті қорғау тетіктері іске асырылуда. Бақылаушы органдардың негізсіз араласуын шектейтін «прокурорлық фильтр» енгізілді. Басымдығы бар жобалар үшін қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеделдетуге мүмкіндік беретін Fast Track тетігі қолданылады.Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін әрбір өңірде өңірлік инвестициялық штабтар жұмыс істейді, сондай-ақ Инвесторлардың проблемалық мәселелерінің бірыңғай тізілімі жасақталуда.

Компанияларды тіркеу eGov порталы арқылы онлайн-форматта қолжетімді. Инвестициялық келісімшарт жасасу аясында инвесторларға салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары беріледі. Елде 18 арнайы экономикалық аймақ пен 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларды дайын инфрақұрылыммен және бизнес жүргізуге арналған жеңілдікті шарттармен қамтамасыз етеді.