Облыс әкімі Асхат Шахаров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Облыс әкімі Асхат Шахаров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

📰 Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға өңірлік және республикалық БАҚ басшылары мен өкілдері, журналистика саласының ардагерлері, телерадио компанияларының, баспа басылымдары және ақпараттық порталдардың қызметкерлері қатысты.

🔹 Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, журналистиканың жай ғана мамандық емес, мемлекет пен қоғам алдындағы зор жауапкершілік екенін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытудағы айырықша рөлін бірнеше рет атап өтті. Ақтөбе облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, өңір тұрғындарын маңызды оқиғалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы уақытылы әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Медиа саласының қарқынды дамуы жағдайында кәсібилік, жауапкершілік және шынайы журналистика қағидаттарына адалдықтың маңызы арта түсуде. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет өңірлерде еңбек ететін журналистерге мемлекет есебінен тұрғын үй беріле бастады. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен кәсіби жетістіктер тілеймін», – деді Асхат Шахаров.

📌 Облыс әкімі өз сөзінде қазіргі медиа саласын дамыту мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ақпарат ағынының күрт артуы мен жалған ақпараттың таралуы жағдайында фактілерді мұқият тексеруге, объективтілікке және жоғары кәсіби этикаға негізделген журналистиканың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде.

✨ Іс-шара аясында мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

🇰🇿 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, отандық журналистика мен телевизияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан» РТРК» АҚ «Ақтөбе» телеарнасының режиссері Гүлсім Омарқызы «Құрмет» орденімен наградталды. «Ақтөбе медиа» ЖШС «Актюбинский вестник» облыстық газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.