
Су тасқынына дайындық және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Облыстық ТЖД бастығы Қахарман Оразалиннің хабарлауынша, жоспарланған 105 іс-шараның бүгінгі күні 94%-ы орындалған. Атап айтқанда, өзен арналары бекітіліп, тазартылды, бөгеттер, көпірлер мен су өткізу арналары салынды және жөнделді, уақытша орналастыру пункттері, азық-түлік, материалдар мен техника қоры дайындалды.
Су тасқынының алдын алу үшін су айдындарында жару жұмыстарын жүргізу, қауіпті учаскелерді бақылау, өзен арналарының тазалығын қамтамасыз ету және бітелген жерлерді жою жоспарланған. Жедел әрекет ету үшін қаржылық және техникалық резерв жасақталды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтың мәліметінше, 2025 жылы бөгеттерге жүргізілген тексеру нәтижесінде 174 коммуналдық нысанның тек 64-і ғана қанағаттанарлық жағдайда екені анықталған. Бөгеттерге жөндеу жүргізіліп, проблемалық нысандар саны азайтылды.
Гидротехникалық нысандарды күтіп ұстау және жөндеу үшін 72 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарлануда. 2025 жылы жерснаряд сатып алынып, оның көмегімен Сазды өзеніне санация жүргізіліп, қамыс басқан аумақтар тазартылды. Жаңа техника коммуналдық кәсіпорынға бөгеттерді жұмыс күйінде ұстауға және зақымданған нысандарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Қазіргі таңда су тасқыны жағдайы тұрақты, алайда босаңсуға болмайды. Барлық аудан және қала әкімдіктері гидротехникалық нысандардың жай-күйін және өзендердегі мұздың еру қарқынын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Инженерлік қорғаныс кешендерінің дайындығын тексеріп, инертті материалдар, қаптар, арнайы техника мен жанар-жағармай қорын алдын ала дайындау қажет. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы орындау үшін жергілікті атқарушы органдар дербес жауапкершілік арқалайды. Негізгі міндет – көктемгі су тасқыны кезеңін төтенше жағдайларсыз және халыққа барынша аз қолайсыздықпен өткізу», – деді өңір басшысы.