
Ақтөбе облысында соңғы бес жылда жарты миллион ағаш отырғызылды
🗣️ Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Отырыста Мемлекет басшысының елді мекендерді көгалдандыру жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері талқыланды.
📊 Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында облыста жоспарға сәйкес 500 мың көшет отырғызылған. Былтырғы жылы қоғам өкілдерінің қатысуымен жасыл желектерді түгендеу жұмыстары басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ағаштардың жерсіну деңгейі шамамен 60–70 пайыз.
💬 «Осыған байланысты көшеттердің жерсінуін арттыру бағытындағы шараларды күшейтіп, су үнемдейтін тамшылатып суару жүйесін енгізу және климаттық жағдайларға төзімді ағаш түрлерін пайдалану қажет», – деді басқарма басшысы.
🌱 Биыл қала аумағында 15 гектар, ал әрбір аудан орталығында 10 гектардан жасыл аймақтар құру жоспарланып отыр. Көшеттердің жақсы жерсінуі үшін отырғызу алаңдары міндетті түрде қоршалып, суару жұмыстары ұйымдастырылады.
💬 «Көшеттерге тұрақты күтім жасауға, міндетті түрде қоршаулар мен суару жүйелерін орнатуға, Климаттық жағдайларға төзімді ағаш түрлерін отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында облыс аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған экопарктер құру жұмыстарын жандандыру қажет», – деді өңір басшысы.
📌 Қала және аудан әкімдіктеріне жергілікті мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын орман тәлімбақтарын ұйымдастыру және отырғызу материалдарының қорын қалыптастыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» компанияларына автомобиль және теміржол бойындағы орман белдеулерін қалпына келтіру және кеңейту жөнінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу жүктелді.