
Ақтөбе облысында туризмді дамыту үшін шағын авиациялық пункттер салу жоспарланып отыр
🧭 Жұмыс сапары аясында Ербол Мырзабосынов «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығына барып, өңірдің туристік әлеуетімен танысты. Тараптар экотуризмді, санаторий-сауықтыру бағытын және жол бойындағы сервисті дамыту перспективаларын талқылады.
🗺️ Әсіресе «Ақтолағай» борлы тауы маңында, Шалқар және Ырғыз аудандарында шағын авиациялық пункттер салу жоспарларына назар аударылды. Сонымен қатар «Досжан ишан Әзірет» мемориалдық кешені, «Қасқыр» сарқырамасы және «Абат-Байтақ» кесенесі сияқты туристік нысандарға апаратын жолдардың құрылысы мәселесі қаралды.
📌 Министрдің айтуынша, аталған жобаларды жүзеге асыру туристік орындардың қолжетімділігін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді.
🗣️
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ішкі әуе қатынастарын және әуе көлігі инфрақұрылымын, оның ішінде өңірлердегі әуежайлар мен шағын авиациялық пункттерді дамытудың маңызын атап өтті. Бұл туристік нысандардың қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады. Ақтөбе облысында мұндай жобалар бар, оларды жүзеге асыру арқылы жаңа ішкі бағыттарды ашып, туристер санын арттыру қажет»,
– деді Ербол Мырзабосынов.
🌿 Оның айтуынша, өңірдегі бірегей табиғи нысандар, санаторий-сауықтыру орталықтары мен дамыған жол бойы сервистері ішкі туризмнің өсуіне қолайлы жағдай жасап отыр.