
Өңірде жастарды заманауи IT-дағдылар мен технологияларға оқытатын IT Park ашу жоспарлануда
✔️Өңірдің цифрлық трансформациясы және IT-кадрларды даярлау мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
🇰🇿Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын атап өтіп, бұл жыл облыс үшін бетбұрыс кезең болуы тиіс екенін айтты.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша интернетпен 294 ауыл қамтылған, оның ішінде 270 елді мекен мобильді байланыс арқылы, 24-і OneWeb спутниктік технологиясы арқылы қосылған. Жалпы алғанда, ауыл халқының интернетпен қамтылу деңгейі 98 пайыздан асты.
Әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдерге де ерекше көңіл бөлінді. Білім беру саласында «DaraBala» бірыңғай платформасы дамып келеді. Онда 272,5 мыңнан астам ата-ана және 356,2 мың бала тіркелген. Жүйе жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, сабаққа қатысуды автоматты түрде есепке алады, сондай-ақ жүктеме мен мекемелер жұмысының тиімділігі бойынша талдау қалыптастырады. Қазіргі таңда спорт мектептері мен секцияларға арналған жаңа модульдер сынақтан өткізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында өңірде 79 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, оның шамамен 20 мыңы Жедел басқару орталығына қосылған. Бет-әлпетті және көлік нөмірлерін тану, түтін мен өртті анықтау, адамдардың жаппай жиналуын және құқықбұзушылықтарды тіркеу функциялары бар 834 интеллектуалды камера енгізілген. Бір жыл ішінде олардың көмегімен 250 қылмыс ашылған — бұл бұрынғыдан 79 пайызға көп, ал жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 34 пайызға азайған.
📌Қорытындылай келе, облыс әкімі жекелеген жобалардан нақты нәтиже беретін жүйелі жұмысқа көшу қажеттігін атап өтіп, барлық басқармаға цифрлық трансформация картасын іске асыруға белсенді түрде атсалысуды тапсырды.