
Оймауыт ауылына газ берілді
Байғанин ауданына жұмыс сапары аясында өңір басшысы Асхат Шахаров ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға – газ құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауылға газдың келуі Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту және қажетті инфрақұрылыммен қамту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылғанын алға тартты.
Ауылдағы газ құбырының құрылысы екі жылдан астам уақытқа созылды. Жобаны іске асыруға 8,3 млрд теңге жұмсалды, құрылыс жұмыстарын «Алия-Сервис» ЖШС мердігер ұйымы атқарды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 184,8 шақырым.
⚜️ Газ беру салтанатынан кейін облыс әкімі алғашқылардың бірі болып көгілдір отын қосылған Оймауыт ауылының 105 жастағы тұрғыны Тұраш Құдайқұлованың шаңырағына барды. Өңір басшысы ғасыр жасаған кейуанаға Тәуелсіздік күнімен және ауыл үшін маңызды оқиғамен құттықтап, әңгімелесті.
Тұраш Құдайқұлова Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекенінде дүниеге келген. 1944 жылы жұбайы Жантай Құдайқұловпен бірге Доңызтау аймағына қоныс аударып, 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. 1972 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін сегіз баласын өзі өсіріп-жеткізді. Бүгінде оның 33 немересі, 64 шөбересі және 12 шөпшегі бар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек еткен, ал 1944–1970 жылдары Байғанин ауданының Оймауыт совхозының ауылдық кеңесінде қызмет атқарған.