
Ақтөбе облысында автожолдарды жөндеу және қайта жаңарту жобалары табысты жүзеге асырылуда
⚜️Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жол жобаларының іске асырылу барысы қаралды.
🗣️Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың хабарлауынша, Ақтөбе облысында биыл жалпы ұзындығы 918 шақырым болатын 200 жол жобасы жүзеге асырылып, 711,8 шақырым жол жөнделді.
📊Республикалық деңгейде 252 км жолдың 14 жобасы, жергілікті деңгейде 460 км жолдың 186 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде республикалық жолдардың сапасы 84%-дан 90%-ға, жергілікті жолдар 78%-дан 82%-ға жақсарды.
🛠️2025 жылы республикалық жолдарға 61,4 млрд теңге бөлінеді. Биыл «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» жолының 28,1 км учаскесі жаңартылып, Жем өзені көпірі жөнделуде. Келесі жылы Қауылжыр ауылындағы көпірді жөндеу және 328 км жолдың 7 нысанына орташа жөндеу жоспарланған.
🔹Өңір басшысы биыл жол инфрақұрылымына 94,6 млрд теңге бөлініп, 46 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Елекөзені үстіндегі көпірден «Ақтөбе–Орск» жолына дейінгі учаске, Кірпішті және Зинченко көшесіндегі көпірлер жөнделді. Кірпішті, Ясный-2 және «Келешек мектептері» аясында салынған жаңа мектептерге кіреберіс жолдар толық аяқталды.
🚧Тротуар, жарықтандыру және жол үстіңгі қабаты жөндеу жұмыстары жалғасуда. 14 млрд теңге құны бар 4 нысан күрделі, 36 көшеде 59 км орташа жөндеуден өтуде. 100 ауладан 94-і абаттандырылып, орындықтар, бордюрлер, тротуарлар мен жарықтандыру орнатылып, асфальтқа дайындалды.
💬«Жол желісін дамыту және аулаларды абаттандыру – тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Жөндеу жұмыстары, жарықтандыру және қауіпсіздік шаралары жалғасуда. Әр нысан бойынша нақты жоспар мен жауапты орындаушылар бар. Мақсат – әр ақтөбеліктің өз ауласында және қала жолдарында жайлы әрі қауіпсіз сезінуі», – деді өңір басшысы.
📌Асхат Шахаров жобалардың мерзімінде пайдалануға берілуі мен оның сапасы қатаң бақылауда екенін, талаптарды бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.