Облыс орталығында «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы аясындағы Бюджеттік қаражатты тиімді жоспарлау» тақырыбында республикалық семинар өтті. Шараның ұйымдастырушысы – Ақтөбе облыстық мәслихаты.
Іс-шараға еліміздің барлық өңіріненмәслихат төрағалары, тиісті министрліктердің өкілдері, экономика және қаржы басқармаларының басшылары, сарапшылар мен депутаттар қатысты.
🔷Семинарды облыс әкімі Асхат Шахаров ашып, қазіргі заман талаптарына сай бюджеттік қаражатты тек тиімді пайдалану ғана емес, сонымен қатар бюджеттік процестің барлық кезеңінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.
💬«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда бюджеттік қаражаттың ашықтығы, тиімділігі және мақсатты пайдалану аса маңызға ие екенін атап өтті. Әрбір бөлінген ақша халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Бұл –біздің ортақ жауапкершілігіміз және жұмыстағы басымдықтарымыз. Жаңа Бюджет кодексінде өңірлердің дербестігін арттыруға және қаржылық шешімдер қабылдауда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Бұл ресурстардың тұрғындардың мүддесіне тиімді және рационалды пайдалануына бағытталған қадам», – деді аймақ басшысы.
🔷Жаңа құжат бюджетті жоспарлау процесін икемді, ашық және нәтижеге бағыттайды. Негізгі өзгерістердің ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру, нәтижеге бағытталған бюджетті жоспарлау, салық, бюджет және ақша-несие саясатын байланыстыру, парламенттік және қоғамдық бақылауды күшейту көзделген.
Жауапкершілік мәселелеріне де баса мән берілді: мемлекеттік органдар басшыларының нақты жауапкершілік түрлерінің саны 15-тен 30-ға дейін арттырылған. Сонымен қатар, мониторинг, тиімділікті бағалау және нәтижелерді басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілді.
Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Бюджет кодексінің іске асырылуы қаржылық ағындардың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беретініне тоқталды.