Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің жас ғалымдары және зерттеушілерімен кездесті.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің жас ғалымдары және зерттеушілерімен кездесті.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің жас ғалымдары және зерттеушілерімен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша шараларды талқылау және Ақтөбе облысының ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеу.
 
🔸Асхат Шахаров Мемлекет басшысы өңірлер алдына нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, инновацияларды енгізуге жағдай жасау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, зерттеушілерді қолдау және өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртуға инвестиция тарту.
 
Кездесуге энергетика, экология, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында жобалармен айналысып жүрген жас зерттеушілер қатысты. Олар өндіріс тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және жаңартылатын энергетиканы дамытуға бағытталған өз жобаларын таныстырды.
 
Ғылым мен инновацияны дамыту мақсатында 2024 жылдың қыркүйек айында облыс әкімдігі жанынан Ғылыми кеңес құрылып, оның құрамын облыс әкімі өзі бекітті. Кеңеске 11 жетекші ғалым мүше. Бұл алаң ғылыми-практикалық шешімдер әзірлеуге, жас зерттеушілерді қолдауға және инновацияларды енгізу бағыттарын айқындауға арналған.
 
Ғылыми кеңестің алғашқы отырыстары 2024 жылы желтоқсанда және 2025 жылы сәуірде облыс әкімінің қатысуымен өтті. Нәтижесінде биотехнология, цифрландыру, экология және өнеркәсіп тиімділігін арттыру салаларында басым бағыттар белгіленді. Аталған жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі – 2025 жылы сәуірде Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университет базасында молекулалық және жасушалық биотехнологиялар зертханасының ашылуы болды.
 
Бүгінгі кездесу барысында ғылым мен бизнестің ықпалдастығы, ғылыми идеяларды коммерцияландыру және ғылымды қажетсінетін салаларға инвестиция тарту мәселелеріне баса назар аударылды.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға жас зерттеушілерге қолдау көрсету тетіктерін – гранттар беру мен кәсіпорындарда тағылымдамалар ұйымдастыруға дейін – жан-жақты пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, жастардың стартап жобалары үшін технопарктер мен бизнес-инкубаторлар желісін кеңейту жоспарланып отыр.