Ақтөбе облысында Металлургтер күніне орайластырылған салтанатты шаралар жалғасуда. Бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров металлургия саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.
📌Мерекелік жиынға еңбек озаттары қатысты.
Жиында облыс әкімі металлургия саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, металлургтер – еліміздің индустриялық әлеуетін нығайтып, тұрақты даму жолына серпін
беріп отырған еңбек майталмандары.
💭«Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек деген үндеу тастап, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында жұмысшы мамандығының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек адамына лайықты құрмет көрсету және кәсіби шеберлікті дамыту басты мақсаттардың бірі болып отыр. Бүгін біз еліміздің өнеркәсіптік қуатын арттырып, экономикалық тұрақтылыққа зор үлес қосып жүрген сала мамандарын құрметтеу үшін жиналдық. Табысталатын марапат — еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі», – деді Асхат Шахаров.
🔸Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында металлургия саласында сегіз ірі өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазхром» трансұлттық компаниясы, «Восход Ориел», «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» бар. Бұл кәсіпорындарда 18 мыңнан астам адам еңбек етеді.
✔️Күні кеше Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бір пеште 177 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндіріліп, әлемдік рекорд орнатылды. Бұл жетістік WORLD BOOK OF RECORDS тізіміне енгізіліп, халықаралық деңгейде мойындалды.
🏅Облыс әкімі шара аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьевті – «Құрмет» орденімен, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС экскаватор машинисі Марат Сақтаев және «АРАЗ» (АРБЗ) ЖШС кезекші автокөлік жүргізушісі Серік Сүлейменовті – «Ерен еңбегі үшін» медалі мемлекеттік наградаларымен марапаттады.
✨Асхат Шахаров марапат иелеріне зор алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.