2025 жылғы 22–26 мамыр аралығында Ақтөбе облысының делегациясы Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен болды. Делегация құрамында облыс әкімдігі, сондай-ақ Алға, Әйтеке би, Темір, Қарғалы, Хромтау және Мұғалжар аудандары әкімдіктерінің өкілдері болды.
📌22 мамырда делегация Шэньси провинциясының Сиань қаласында өткен 9-шы Халықаралық «Жібек жолы» көрмесінің іс-шараларына қатысты. Көрме аясында өңір өкілдері Шэньси провинциясының павильондарында ұсынылған қытайлық компаниялардың өнімдері және озық технологияларымен танысты.
🔹Сол күні Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда-инвестициялық форумда баяндама жасап, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Форумға сондай-ақ Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары да қатысты.
🔸Іскерлік бағдарлама аясында Сиань қаласындағы ҚР Бас консулдығы Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетімен (CCPIT) бірлесіп, тау-кен металлургия кешені, өңдеу және тамақ өнеркәсібі салаларында әріптестік орнатып, инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі 10-нан астам қытайлық компания өкілдерімен G2B кездесулер ұйымдастырды.
🔹Бұл сапар – өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы. Еске сала кетейік, биылғы сәуір айында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Шэньси провинциясына ресми сапармен барып, губернатормен кездесу өткізген болатын. Сапар барысында екі өңірдің салалық басқармалары арасында жұмыс байланыстары орнатылды.