Облыс әкімі тыл еңбеккерлерін қала күнімен құттықтады.

Облыс әкімі тыл еңбеккерлерін қала күнімен құттықтады.
🔰Өңір басшысы Асхат Шахаров қаланың құрметті тұрғындары 89 жастағы Бақтыбай Өтемісов пен 94 жасқа келген Юрий Яковлевич Малышкинді мерекемен құттықтап барды. Балалық кезеңдері мен жастық шақтары ауыр әскери және соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келген аға буын өкілдері аймақтың дамуына айтарлықтай өзіндік үлес қосты.
 
🔹Бақтыбай Өтемісов 1936 жылы Ворошилов атындағы колхозда (қазіргі Мәртөк ауданы Полтавка ауылы) дүниеге келген. Соғыс жылдары ересек ер адамдар майданға аттанған кезде колхоздағы жұмыс әйелдер мен балалардың мойнына артылды.
 
🗯️«Ол кезде біз бала бола тұра,  ересектермен тең жұмыс істедік: жер жырту, егін егу, шөп шабу және майданға азық-түлік жөнелту де бізге артылған жүк еді.  Мен небәрі жеті жаста едім», - деп еске алады Бақтыбай аға.
 
Ол сұрапыл соғыс жылдары өткен өзінің балалық шағы мен тылдағы қиын өмірін, Жеңіске қосқан үлесі туралы айтып бөлісті.
 
Асхат Шахаров ардагерге еткен еңбегі, өмірлік табандылығы мен патриотизмнің үлгісі үшін терең ризашылығын білдіріп, тағдыры туған өлкеміздің тарихымен етене байланысқан адамдар туралы есте сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
 
Кездесу соңында Бақтыбай аға арнайы көңіл бөліп құттықтай келгені үшін алғысын білдіріп, туған қаласы мен оның тұрғындарына амандық, бейбітшілік пен өркендеу тіледі. Үлкендік батасын берді.
 
🔹Бұдан соң, облыс әкімі Юрий Яковлевич пен Галина Викторовнаға барды. Юрий Яковлевич Байкал сырт өлкесіне қарасты Могоча қаласында дүниеге келген. 1943 жылы оның теміржолшы әкесі қызметіне байланысты өзге 50 отбасымен бірге Ақтөбе облысының теміржол саласында жұмыс істеуге жіберілді. Осылайша Малышкиндер отбасы Қазақстанға көшіп келіп, өз тағдырын осы жермен мәңгілікке байланыстырды.
 
Юрий Малышкин әкесінің ізін қуып, теміржол техникумында білім алды. Кейін Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтын бітірді. Еңбек жолын «Сельмаш» зауытында бастады, кейін техникумда сабақ берді, № 13, 17 және 19 мектептерде еңбек мұғалімі болды. Ардагердің жалпы еңбек өтілі 60 жылдан асады.