Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2029 жылға дейін жоспарланған Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың жаңа тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары елімізде ғылымға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі – ғылымға бөлінетін қаражаттың артуы.
Еліміздің 15 өңірінде және 5 педагогикалық жоғары оқу орнында академиялық артықшылық орталықтарын құру жобасы қолға алынды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті осы жобаға қатысқан 15 өңірлік ЖОО-ның бірі болып табылады. 2024 жылы университет орталықты құруға 3 млрд теңге көлемінде грант ұтып алды. Жобаның басты мақсаты – табысты ғылыми бастамаларды дамытуға жағдай жасау және тек Ақтөбеде ғана емес, жалпы еліміздің батыс аймағындағы ғылыми қызметтің тірегіне айналу. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл бастама университет ғылымын жаңғыртуға және білім экономикасына көшуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бағдарламаны жүзеге асыру аясында өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологиялары әзірленеді. Бұл процесті тиімді жүзеге асыру мақсатында ғылыми институттар мен өндіріс өкілдерін біріктіретін консорциум құрылды. Оған Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты және «КазмагноХромит» ЖШС сынды ұйымдар енді. Сонымен қатар, өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, металлургия, материалтану және экология салаларына арналған заманауи ғылыми зертханалар ашу жоспарлануда.