Абай облысында Уикипедияға мақала орналастыру бойынша оқыту семинары өтті
Семей қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шараға Абай облысының қалалары мен аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту саласының мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, жоғары оқу орындарының және Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының өкілдері қатысты.
Семинар барысында Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы Рахымжанов қазақ тіліндегі сапалы контентті толықтырудың маңыздылығына тоқталды.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, PhD Ақмарал Қалиярбекқызы Дауткулова қатысушыларға Уикипедия платформасына тіркелу, мақала өңдеу, жаңа мақала орналастыру алгоритмдері және сапалы контент дайындау жолдары бойынша тренинг өткізді.
Семинар соңында спикерлерге алғыс хаттар табысталды.
Бұл бастама — цифрлық кеңістікте ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ тіліндегі сапалы контентті арттыруға және тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.