«Абай – рухани мұрасы күллі адамзат үшін маңызы зор ұлы тұлға. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Абай бізге жай ғана сөз емес, адамгершілік пен әділеттілікке негізделген өмірлік бағдар мен ілім қалдырды. Бүгінде оның мұрасы жастарды тәрбиелеуде, «Адал азамат» ұрпағын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында – өз қалаңа, айналаңдағы адамдарға және елге құрметпен қарау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. Сондықтан біздің міндетіміз – Абай мұрасын қастерлеп сақтау, оны жас ұрпаққа жеткізу және оның өсиеттерін өмірде жүзеге асыру», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ақынның 181 жылдығына арналған мерекелік шара аясында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада Абайдың «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» және басқа да шығармалары орындалды. Сондай-ақ «Абай аманаты» қойылымы мен ақынның лирикалық шығармалары көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік шара қалалық кітапханалардың гүлзарда ұйымдастырылған тақырыптық алаңдарында жалғасты. Қонақтарды жас және дана Абай бейнесіндегі актерлер қарсы алып, поэзия театрының қатысушылары ақын өлеңдерін оқыды. Тұрғындар үшін кітап көрмелері, поэзиялық батлдар, зияткерлік ойындар, викториналар мен әдеби кездесулер ұйымдастырылды. Балаларға, жасөспірімдерге және жастарға арналған арнайы бағдарламалар әзірленді.