Қазақша контентті дамыту— ортақ міндет

Қазақша контентті дамыту— ортақ міндет
Тіл

Тіл — халықтың жаны, ұлттың бет-бейнесі, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасының тірі қазынасы. Ал ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған, әлем «цифрлық өркениет» деп аталатын жаңа кезеңге қадам басқан бүгінгі таңда кез келген тілдің өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігі оның виртуалды кеңістіктегі қолданылу ауқымымен өлшенетіні даусыз ақиқат. Мемлекеттік тілдің ғылым, білім беру жүйесі және интернет-кеңістігінде кеңінен өріс алуы — елдің рухани әрі зияткерлік әлеуетінің айнымас көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тіліндегі Уикипедияны дамыту — заман талабынан туындаған, кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндеттің бірі.

Бүгінде Уикипедия —әлемдегі ең ірі әрі беделді ашық энциклопедиялық ақпарат көзі, білімге құштар миллиондаған адамның күнделікті сүйенер серігі. Осындай алып ақпарат ағынының ортасында қазақ тілінде ғылыми тұрғыдан дәйектелген, мазмұны терең әрі сапалы мақала көбейген сайын мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп қана қоймайды, оның халықаралық ақпарат кеңістігіндегі салмағы мен беделі де арта түседі. Демек, әрбір мақала —тіліміздің болашағына қаланған кірпіш іспетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің цифрлық дәуір талабына сай үздіксіз дамуы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстың мемлекеттік маңызын нақты көрсетті. Аталған міндетті абыроймен атқару үшін қазақ тіліндегі интернет-контенттің тек көлемін емес, сапасын да серпінді түрде арттыру шарт. Ал бұл орайда Уикипедия — қоғамға ең қолжетімді әрі нәтижелі алаңның бірі болып қала бермек.

Қазақ тіліндегі Уикипедия — халқымыздың мыңжылдық тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен ғылымын, кең байтақ табиғатын және тәуелсіз Қазақстанның шоқтығы биік жетістіктерін әлем жұртшылығына танытатын баға жетпес ақпараттық қазына. Әрбір сапалы, ғылыми негізделген энциклопедиялық мақала — ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге және мемлекеттік тіліміздің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін нығайтуға қосылған нақты, өлшеулі үлес.

Осы игі бастама Ақтөбе облысында да жүйелі әрі мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тіл саясатын өмірге енгізу аясында қазақ тіліндегі ашық онлайн энциклопедияны ғылыми-танымдық мазмұндағы мақалалармен толықтыруды кешенді түрде қолға алды.

Атқарылған еңбектің жемісі көз алдымызда: биология, физика, тарих, музыка, электроника, этнография және астрономия салалары бойынша қазақ тіліндегі Уикипедияға 15 энциклопедиялық мақала сәтті орналастырылды. Бұл жұмыс ғылыми негізді ақпараттың қолжетімділігін арттырумен қатар, мемлекеттік тілдегі сапалы цифрлық контент қорының баюына тікелей ықпал етеді.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктеріндегі тіл мәселесіне жауапты мамандардың, мемлекеттік архивтер мен кітапханалардың қызметкерлерінің, тілдерді оқыту орталықтары мен жоғары оқу орындарының білікті ғалымдарының қатысуымен «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында арнайы оқыту семинары ұйымдастырылды. Бұл — түрлі саладағы мамандардың күш-жігерін бір мақсатқа топтастырған, өз нәтижесін берген игі іс-шара болды.

Семинар барысында қатысушыларға Уикипедияның талабы мен негізгі қағидаттары жан-жақты әрі терең түсіндіріліп, энциклопедиялық мақала дайындаудың әдіснамасы, сенімді дереккөздерді сұрыптап пайдалану, материалдарды ғылыми тұрғыда рәсімдеу және жариялау алгоритмдері бойынша теориялық әрі практикалық сабақ өткізілді. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға белгіленген талапқа сай мақала әзірлеп, жариялау міндеті жүктелді. Бұл өз кезегінде, әркімнің жауапкершілігін арттырған келелі қадам болды.

Осы орайда айта кетер жайт, Ономастар одағының төрағасы Гүлнәр Шияпқызы былтыр өңірдегі көнерген, бүгінде қолданыстан шығып бара жатқан жер-су атауларын зерделеу мақсатында арнайы экспедиция ұйымдастырып, аудан-аудандарды түгел аралады. Экспедиция барысында ауыл ақсақалдарымен, өлкетанушылармен жүздесіп, тарихи атаулардың шығу төркіні, орналасқан аймағы және ел жадында сақталған бағалы деректер жан-жақты сараланды. Нәтижесінде елеулі мәлімет жинақталып, ұмыт бола бастаған тарихи атауларды қайта зерттеп, зерделеуге берік іргетас қаланды.

Бұл құнды деректерді ғылыми айналымға енгізу және қазақ тіліндегі Уикипедияда жариялау жұмысы кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жалғасады. Осы бағыттағы игі істің бір көрінісі ретінде Ботагөз батыр Есетқызы туралы мақала қазақша Уикипедияға енгізілді. Сонымен қатар әр ауданның тарихи-этнографиялық маңызы зор Қарақамыс жәрмеңкесі туралы мақалалар да әзірленді.

Алдағы уақытта өңіріміздің тарихы, бай мәдени мұрасы, киелі орындары, елге танымал тұлғалары, табиғи ерекшеліктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы ғылыми негізделген материалдарды Уикипедияда молынан жариялау жалғаса бермек. Бұл — туған өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізіп қана қоймай, оны халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Қазақ тілінің болашағы — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, парызымыз. Мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыру — бүгінгі күннің басты міндетінің бірі болып қала бермек. Сондықтан қазақ тіліндегі Уикипедияны дамытуға үлес қосу — мемлекеттік тілді қолдаудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және жас ұрпаққа сапалы, дәйекті білім ұсынудың нақты да айқын көрінісі.

Әрбір азамат өзінің білімі мен тәжірибесін, жинаған ізденісін ортаға салып, сенімді дереккөздерге арқа сүйей отырып, қазақ тіліндегі ашық энциклопедияның дамуына елеулі үлес қоса алады. Бірлескен, ортақ еңбектің нәтижесінде ғана қазақ тілінің ақпарат кеңістігіндегі орны нығайып, оның халықаралық деңгейдегі беделі биіктей түсетініне сеніміміз мол.

Амангелді ҚОНАҚБАЕВ,

облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы