Ақтөбеде жас жыршылар тәулік бойы батырлар дастанын жырлайды

Ақтөбеде жас жыршылар тәулік бойы батырлар дастанын жырлайды
🎼 Ақтөбеде жас жыршылар тәулік бойы батырлар дастанын жырлайды
🏛 Ақтөбедегі Халық шығармашылығы орталығында «Наурызнама» онкүндігінің Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында жыр марафоны басталды. Жыршылар 24 сағат бойы насихат термелерін, халық әндерін және халық композиторларының шығармаларын орындайды.
Шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде бұл бастаманың ұлттық рухты көтеретін тағылымы мол жоба екенін айтты.
🇰🇿 «Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Наурыз мейрамы ерекше форматта аталып өтуде. Наурызнама онкүндігі аясында мәдениетіміз бен ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып жатыр. Бүгін, міне, ұлттық рухымызды асқақтататын ерекше рухани оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бес жылдан бері жас ақындар мен жыршы-термешілерді тәрбиелеп келе жатқан «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері тәулік бойы толассыз жыр толғап, халқымыздың бай мұрасын насихат етуге ниетті. Бұл – ұлт рухын көтеретін, тарихи сананы жаңғыртатын тағылымы зор бастама.
Егер бүгінгі жыр марафоны әлемдік рекордтар кітабына енсе, қазақтың жыраулық өнері әлемнің 192 еліне кеңінен танылатыны сөзсіз», — деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Саринге, ұстаздар мен шәкірттерге ризашылығын білдіріп, жас жыршыларға сәттілік тіледі.
Жыр кешіне Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас офицері Қуандық Құдайбергенов қатысып жатыр.
🎵 Жыр кеші төрт бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімде халық әндері орындалса, II, III, IV бөлімдерде «Қырымның қырық батыры» дастаны айтылады. Ал V–VI бөлімде қиссалар мен термелер ұсынылады.
Жобаның «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин марафонға 33 оқушы мен 2 мұғалім қатысып жатқанын тілге тиек етті. Жыршылардың бірі 4–5 сағат бойы жырласа, кейбірі 15–20 минутқа созылатын шығармаларын орындайды.
📹 Жобаның рекордқа енуі GBR талаптарына сәйкес арнайы таспаға жазылады, оны тәулік бойы сарапшылар бақылайды. Жас жыршыларға жағдай жасалған.