ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ ҚАЙТА ЖҮЙЕЛЕНЕДІ

ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ ҚАЙТА ЖҮЙЕЛЕНЕДІ
Ырғызға «Аңыз бен ақиқаттың мекені – Ақтөбе!» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында арнайы топ аялдады. Аталған экспедицияның мақсаты – Республикадағы ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру.
Астанадан ат басын тіреген топ құрамында республикалық ономастикалық комиссия мүшелері, ономаст ғалым Гүлнәр Шияпқызы және географ Мәулен Мырзағұлұлы бар. Қонақтармен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мирхан Амангелдіұлы, мәдениет үйінің директоры Дархан Сермағанбетұлы және кітапханашылар кездесіп, ресми карталар мен каталогтардағы бұрмаланған жер-су атаулары турасында әңгіме өрбітті.
Мамандардың айтуынша осы жұмыстардың нәтижесінде ел аузындағы тарихи атаулар жаңғырып, арнайы электронды WEB картада байырғы ононимдер енгізілетін болады.
Экспедиция барысында түсірілген фото материал негізінде аталған облыстар топонимдері бойынша суретті анықтамалық құрастырылып, видеофильм жасалады. Фото-видеоматериалдар болашақтағы Қазақстан топонимдерінің 3D картасының базасына енеді.