Өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталып келеді. Биыл егіс жұмыстары жалпы көлемі 620,6 мың гектар алқапта жүргізілуде.Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін 593 мың гектар алқапқа дән егілді, бұл жоспарланған көлемнің 96%-ін құрап отыр. Оның ішінде 417,7 мың гектарға дәнді-дақыл, 103,7 мың гектарға жемшөп, 66,9 мыңына майлы дақылдар себілді. Картоп 2,3 мың гектарға, көкөністер 1,8 мың гектарға, ал бақша дақылдары 0,6 мың гектарға егілді.
Ауа–райы қолайлы болса, егіс науқаны алдағы екі-үш күнде аяқталады деп күтілуде.
Диқандардың жұмысында іркіліс болмасы үшін 6,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін отын құнының бір литрі 253 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 15% - ға төмен. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде үзілістер жоқ.Егіс жұмыстары үшін 1,5 мың трактор, 100-ден астам заманауи егіс кешені, 1,4 мың сепкіш және 1,5 мың бірлік топырақ өңдеу техникасы тартылды.
Сонымен қатар, жыл басынан бері шаруалар 6,5 млрд теңгеге 504 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 192 трактор, 10 комбайн және 302 өзге де техника. Қазір өңірдегі машина-трактор паркінің жаңаруы 2,5%-ті құрады.Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау үшін жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 1,3 млрд теңге бөлінді. Сондай–ақ, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ақтөбе» ӘКК арқылы жылдық 5% - бен несиелеу жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 5,8 млрд теңге сомасына өтінімдер мақұлданып, оның ішінде 5,2 млрд.теңгесі берілді. Ал, «Ақтөбе» ӘКК арқылы 991,5 млн. теңге бөлінді.
Облыстың аграрлық секторы тұрақты түрде оң динамиканы көрсетіп отыр, ал егіс науқанының барысы жергілікті шаруашылықтардың дайындығы мен ұйымдастырылуы деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
***