Құрметті аудан тұрғындары, жерлестер!

Құрметті аудан тұрғындары, жерлестер!

Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласындағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы.
Мал тұқымын асылдандыру арқылы сапасын жақсарту жəне тұқымдық түрлендіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Аудан бойынша мал басының саны жылдан жылға тұрақты өсіп келеді.

Мал басының жыл сайын артуына орай, оған қажетті мал азығына да сұраныс артып отыр. Бұл ретте, әр шаруа қожалықтың басшысы мен үйде мал ұстап отырған тұрғын бірінші кезекте оның азығын жеткілікті мөлшерде қамтып алуы тиіс екені баршамызға аян.
Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында ауылшаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарым мен тиісті бөлім басшысына тапсырма берілді. Қазіргі уақытта арнайы топ құрылып, барлық округтердегі шаруашылық құрылымдарымен және тұрғындармен кездесулер өтіп жатыр.

Бүгінде, аудан бойынша тіркелген 304 шаруашылық құрылымының 232-сі шөп шабу жұмыстарын жүргізуде. Мал азығын дайындау науқанына 580 трактор, 363 шөп шапқыш (сенокосилка) қатысады. Жоспар бойынша, биылғы мал қыстату маусымына 224 500 тонна мал азығын дайындауымыз керек. Оның, 123 484 тоннасы шаруашылық құрылымдарына, 101016 тоннасы жеке тұрғындарға тасымалданатын болады.

Құрметті жерлестер!
Темір ауданымен шектесетін шекаралас аймақтарда орын алған қуаңшылыққа байланысты мал азығымен қолдау көрсету шаралары ұйымдастырылуда. Бұл игі істен ауданымыз да шеткері қалып жатырған жоқ.

Дегенмен, басқа өңірлерге шөп тасымалын бастамастан бұрын, ең алдымен өз ауданымызды жеткілікті көлемде мал азығымен қамтып алуымыз қажет.

Төскейден өргізген төрт түлік малымыз қытымыр қыстан қысылмай, қоңды шығуы үшін жаздың әр күнін тиімді пайдаланайық.

Қыстың қамын жазда ойла дегендей, баршаңызды, мал азығын уақытылы жиып алуға және науқанның сапалы әрі дер кезінде аяқталуы үшін бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырамын!

Аудан тұрғындары мен шаруа қожалық басшыларының қабылдаған дұрыс шешімі - ауданды мал азығымен толық қамтамасыз етуде жəне қыс мезгілінен ойдағыдай өтуге септігін тигізеді деген ойдамын.

Өзара түсіністік үшін алдын ала алғыс білдіремін.

Темір ауданының әкімі
С.Аманбаев