
Отбасы күніне орай аудан орталығында «Бақытты отбасы – берекелі отбасы» атты мерекелік шара өтті.
Шараға ауданымыздың өнегелі отбасылары қатысып, отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы дәріптелді. Мерекелік шара барысында аудан әкімі А. Жақсылықов «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне қатысқан отбасыларды марапаттады.
Аудан әкімі өз құттықтауында отбасының қоғамдағы орнына тоқталып: «Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі. Балаға дұрыс тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру – әр ата-ананың маңызды міндеті. Осындай өнегелі отбасылардың өмір жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі болуы тиіс», – деп атап өтті.
Конкурсқа Қожановтар және Байжановтар, Бахиндер, Нұралиндер, Әкімбаевтар, Оразғұловтар отбасылары қатысқан болатын. Әр отбасыға құрмет көрсетіліп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, отбасылық өмірдің айтулы белестерін бағындырған жандарға арналған «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» аталымдарының марапаттарын өнегелі отбасы, ғасырға жуық ғұсыр жасаған еңбек ардагерлері Байдышев Амангелді Әбдірахманұлы мен Құлмұханова Үйтолы апай табыстады. «Алтын шаңырақ» аталымына Шалмановтар, Келбетовтер, ал «Күміс кереге» аталымына Оңайбаевтар мен Смағұловтар отбасылары ие болды.
Мерекелік концертте ән мен жыр орындалып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Отбасы күні – шаңырақтың қадірін арттырып, жанұялық құндылықтарға назар аударатын маңызды күн.