
Аудан әкімі А.Жақсылықовтың тұрғындармен жоспарлы есептік кездесулері Саркөл ауылдық округіне қарасты Қопа, Құмсай және Шұбарши елдімекендерінде өтті.
Кездесу барысында округ әкімі М.Шүйіншалин 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру, ауыз су және әлеуметтік нысандардың жай-күйі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Тұрғындар тарапынан жол, көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар, аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары назарға алынып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.