
Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы волейболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Неталин Айбат Абатұлы жүлдесіне арналған облыстық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жарысқа облыстың әр өңірінен келген командалар қатысып, өзара бақ сынауда. Аталған турнир жасөспірімдер арасында волейбол спортын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және талантты спортшыларды анықтап, қолдауға бағытталған.
Аудан басшысы А.Жақсылықов жас спортшыларға сәттілік тілеп, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай жарыстар өскелең ұрпақтың тәртіпке, төзімділікке және командалық рухқа тәрбиеленуіне үлкен ықпал ететінін жеткізді.
Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған турнир жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, өз қабілеттерін шыңдауға мол мүмкіндік береді. Жарыс барысында қатысушылар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс жолында бар күш-жігерін салмақ.
Турнир 13–15 мамыр аралығында өтеді. Дүбірлі додаға облыстың әр өңірінен келген 9 команда қатысуда.