Фрилансерлер міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті ме, олардың жарна мөлшері қалай есептеледі?
Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) агенттер төлейді. Агент – БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ, ЕЗЖ аударатын, ұстап қалатын (есептейтін) жеке немесе заңды тұлға. Оларға Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар да жатады.
МЗЖ-ны мына санаттарға жататын азаматтар өз бетінше төлейді:
* жеке кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа немесе фермерлік қожалықтардың басшылары, олардың 18 жасқа толған мүшелері, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдар өз пайдасына төлей алады;
* салық агенттері болып есептелмейтін жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар.
Фрилансерлер зейнетақы жинақтарын қалыптастыру үшін БЖЗҚ-да шотты қалай аша алады?
Зейнетақы жарналарын – міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу бірінші жарна түскен кезде жүргізіледі. Пайдасына зейнетақы жарналары жүзеге асырылатын жеке тұлғаны сәйкестендіру жарналарды аудару кезіндегі төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректердің (ТАӘ, ЖСН, туған күні) негізінде жүзеге асырылады. БЖЗҚ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы және өзге де барлық қажетті мәліметтерді Мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады. Осылайша, ЖЗШ ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ, өйткені зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шот автоматты түрде ашылады.
ЖЗШ ашу және зейнетақы жарналарын аудару мәселелері бойынша ақпарат БЖЗҚ сайтында орналастырылған.
Фрилансерлерге ерікті зейнетақы жарналарын аудару қажет пе, бұл жарналардың артықшылықтары қандай?
Болашақта алатын зейнетақыңыздың мөлшерін арттыра түскіңіз келсе, зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын да аударып отырсаңыз болады. Ерікті зейнетақы жарналарының артықшылығы көп. Мәселен, Сіз жарна мөлшері мен төлеу кезеңділігін, жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті аударымдарды екінші деңгейдегі банктердің ұялы қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бұл БЖЗҚ салымшылары үшін тиімді әдіс.
Айта кетелік, өзіңіздің ғана емес, кез келген үшінші тұлғаның – мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тіпті кәмелетке толмаған балаңыздың да ерікті зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсеңіз жетіп жатыр.
Сондай-ақ, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап алуға болады.
Фрилансерлердің зейнетақы жинақтары инвестициялана ма?
Қазақстанның басқа азаматтарының зейнетақы жинақтары сияқты, фрилансерлердің зейнетақы жинақтары да инвестицияланады. Инвестициялаудың негізгі мақсаты - ұзақ мерзімді перспективада нақты табыс табу. Сондықтан оларды басқару нәтижелерін объективті бағалау үшін кем дегенде 1 жыл кезеңіндегі деректерді талдау қажет. Мұндай мерзім ұзақ мерзімді перспективада инвестициялардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Инвестициялаумен Қазақстанның Ұлттық Банкі және бес басқарушы компания айналысады: "Jusan Invest" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Halyk Finance"АҚ. Сіз басқарушы
компанияны өзіңіздің қалауыңыз бойынша таңдай аласыз.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) "Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет" бөлімінде ай сайын жарияланып отырады.