Бірегей ғылыми өнімдер мен технологияларды дамыту
Отандық ғылымның маңызды жетістігі бірегей өнімдерді дамыту. Мысалы, тазартылған селен 2023 жылға дейін Қазақстанда өндірілмеген. Селен фармацевтика, жартылай өткізгіш өнеркәсібі және металлургия сияқты әртүрлі салаларда қолданылатын маңызды элемент саналады. 2023 жылы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС өндірістік қуаты арқылы селенді тазарту бойынша учаске пайдалануға берілді. Технология сапасы 99,5%-дан асатын жоғары тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді. Бұл аталған жоғары технологиялық салада Қазақстан үшін жаңа перспективалар ашады. Алдағы жылдары қуатын кеңейту және құрамында селені бар материалдарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін енгізу жоспарлануда, бұл елімізде кірістерді ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған жаңа дәрілік препараттар белсенді әзірленуде. Осындай жобалардың бірі – D-изоаскорбин қышқылы негізінде дәрі-дәрмек жасау. Ол KRAS мутациясы бар қатерлі ісіктерді емдеу үшін қолданылады. Nazarbayev University қолдаған жоба фармацевтика саласындағы маңызды қадам болды және Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуді айтарлықтай жақсарта алады. Биыл жоба одан әрі клиникалық зерттеулер мен емдеу әдістерін әзірлеу үшін 2,1 млрд теңге сомасына мақұлданды.