Ақтөбе облысында ауылдан шыққан талантты жас спортшыларды анықтауға арналған ауқымды жоба басталды

Ақтөбе облысында ауылдан шыққан талантты жас спортшыларды анықтауға арналған ауқымды жоба басталды

Ақтөбе облысында ауылдан шыққан талантты жас спортшыларды анықтауға арналған ауқымды жоба басталды

Ақтөбе облысында ауылдық жерлердегі спортты дамыту және талантты жас спортшыларды анықтап, оларды түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындау мақсатында ауқымды жоба іске қосылды.

Жобаға облыстың 12 ауданынан жасөспірімдер қатысуда. Олардың қатарында спортты енді бастағандар да, республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері де бар. Барлығы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындарына қатысып, кәсіби дайындықтан өтуде. Әрбір жиын спаррингтік кездесулермен қорытындыланып, нәтижесінде үздік спортшылар анықталады.

Жоба аясында қазіргі таңда бокс пен қазақ күресі бойынша оқу-жаттығу жиындары өтті. Ауылдық жерлерден келген 200-ге жуық жас спортшы қатысты. Алда дзюдо, грек-рим және еркін күрес түрлері бойынша жаттығулар өтеді.

«Бұл жоба тек спортшылардың шеберлігін емес, шалғайдағы жаттықтырушылардың да біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, белбеу күресінен екі дүркін әлем чемпионы және кураштан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділет Шалғынбек.

Жобаға қатысушылардың бірі – Әйтеке би ауданынан келген 8-сынып оқушысы Назар Мешітбаев.

«Мұндай жиынға алғаш рет қатысып отырмын. Жаттығу кезінде дене дайындығымызды күшейтіп, техниканы шыңдаймыз, жаңа әдістерді меңгереміз. Спорт кешеніне жайғастық, барлық жағдай жасалған. Таңертең 8:30-да тұрамыз, одан кейін таңғы ас, 11:00 мен 13:00 аралығында – негізгі жаттығу. Түстен кейін тағы да дайындық өтеді. Күн тәртібі қатаң болғанымен, маған қатты ұнады. Осы уақыт ішінде өзге аудандардан келген балалармен достасып үлгердім», – дейді қазақ күресі мен белбеу күресінен облыс чемпионы.

Жиындар аяқталған соң, қатысушылардың нәтижесіне қарай аудандық рейтинг жасалады. Бұл жоба – ауыл жастары үшін өз қабілетін танытып, спорттық деңгейін шыңдауға және үлкен жеңістерге қадам жасауға тамаша мүмкіндік.