Ақтөбеде тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей классика чемпионаты басталды

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей классика чемпионаты басталды

10 ақпан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Студенттер сарайында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының жекелей классика чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

Жарыс Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерациясының, Ақтөбе облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтуде.

Ашылу салтанатына Ақтөбе облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Махамбетов Мейрамбек Жанболатұлы, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ ректоры, Ақтөбе облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Қарабасова Лаура Чапайқызы, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Даулет Ұзаққалиұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, жарысты ашып берді.

Чемпионатқа 17 облыс пен 3 қаладан келген 169 спортшы қатысып, өз шеберліктерін сынауда. Еліміздің үздік тоғызқұмалақ шеберлері бас жүлде үшін тартысты ойын өрнегін көрсетуде.

Жарыс 19 ақпан күні өз мәресіне жетеді. Барлық спортшыларға сәттілік тілейміз!