Ақтөбе облысында алғаш рет шаңғы жарысынан республикалық чемпионат басталды

Ақтөбе облысында алғаш рет шаңғы жарысынан республикалық чемпионат басталды

Ақтөбе облысында алғаш рет шаңғы жарысынан республикалық чемпионат басталды
22 ақпан – енді қазақстандық қысқы спорт әуесқойлары үшін атаулы күн болады. Осы күні алғаш рет Ақтөбе облысының тарихында қыздар мен жігіттер арасында шаңғы жарысынан республикалық чемпионат басталды.
Біріншілікті өткізу Ақтөбеде шаңғы роллері жолын ашқаннан кейін мүмкін болды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров: «Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылған. Бұл республика бойынша осындай үшінші нысан. Жалпы ұзындығы 11,5 шақырымдық барлығы алты жол салынды»,- деп нақтылады.
Чемпионатқа Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарынан келген 300-ден аса қатысушы жиналды. Ақтөбе облысынан 20 спортшы шықты. Бәрі де жаңа спорт нысанын сынап көрді. Аталмыш жолды жарыс қарсаңында қарап шыққан Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері де жоғары бағаларын берді.
«Әдемі база және қызық жол. Бұл шаңғышылар үшін өте жақсы, өйткені әртүрлі жолдар, әртүрлі рельефтер спорт шеберлігін шыңдау үшін әрқашан тамаша мүмкіндік болады», - деді бас төреші Олег Коломеец.
Спорттық база жоғары техникалық жабдықталуымен де ерекшеленеді.
Қысқы спорт түрінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аймағанбет Тұрғанбай: «Спортшыларға қолайлы жағдай жасалған, бәрі риза. Адами фактордан туындаған қателер алынып тасталды. Мәселен, жарыстың басталу және аяқталу уақытын электроника әрбір спортшыға тағылған чиптер арқылы анықтайды»,- деп жеткізді.
Айта кету керек, бұл мектеп небәрі жарты жыл бұрын ашылған болатын. Қысқы спорт түрінің әуесқойлары оған үлкен үміт артып отыр. Чемпионаттың ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин де қатысып, спортшыларға сәттілік пен тамаша нәтиже көрсетулерін тіледі.