СПОРТШЫЛАР ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

СПОРТШЫЛАР ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Спорт майталмандары Алға ауданына барып, жастармен кездесті. Күрес, каратэ, ережесіз жекпе-жек, самбо секілді бірнеше сала мамандарының алды қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсе, енді бірі әлі де ел намысын қорғап, шаршы алаңда өнер көрсетеді. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, алдағы жоспарын айтты. 


Әдетте тек теледидар мен әлеуметтік желі арқылы таныс болса, бүгін спортшылар алғалық оқушылардың алдына барды. Бетпе-бет кездесу мақсаты - тәлім-тәрбие беру, өмір жолындағы түрлі сынақты жеңу жолын үйрету. Шыңға шығу жолындағы қиындықты еңсерудің қыр-сырын айту. Олардың арасында джу - джитсудан КСРО Чемпионы, Еуропа және әлем чемпионы Әшим Қали, еркін күрес және герпплингтен әлем чемпионы Қуаныш Мырза, «Еркін Күш» жауынгерлік клубының негізін қалаушы Айбек Шоқпытов бар. Оқушылар боксшы Галиб Джафаровты, каратэші Ринат Сағандықовты, UFC жауынгері Сергей Морозовты көрді. 

Алға ауданында жалпы 4 мың оқушы бар. Оның 72 мектепішілік тіркеуде тұр. Тағы бес бала бұзақылық жасап есепке алынған. "Тәртіп бұзды екен деп қатаң қарауға болмас. Олардың да бойында қандай да бір қарым-қабілеттің бары анық. Тек оны дамыту қажет"-, дейді былғары қолғап шебері. 

ГАЛИБ ДЖАФАРОВ 
БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ, ҚР ҚҰРМЕТТІ СПОРТ ҚЫЗМЕТКЕРІ

«Әрбіріміздің алдымызда таңдау еркі тұрады. Мысалы мен спортты таңдадым. Барлығының бірдей спортшы болмауы да мүмкін емес. Ол өмір заңдылығы. Десе де мықты суретші, өнерпаз, немесе ғалым шығуы ықтимал. Тек дұрыс мақсат қойып, елдің мерейін үстем етуді армандау қажет. Сол жолда аянбай еңбектеніңіздер.» 

Сұхбаттан соң сөзден іске жақын жігіттер бозкілемде шеберлік сағатын өткізді. Санитарлық талап қатаң сақталды. Санаулы оқушы ғана чемпиондармен бірге жаттықса, өзгелері жоғарыдан бақылады. Алдымен бозкілемге ережесіз жекпе-жектің жауынгерлері Нұрбек Кабдрахманов, Бағдат Жұбаныш және Дастан Амангелді  шықты. Оқушыларға өзін-өзі қорғану үшін жойқын соққы жасауды көрсетті. Ал каратэден ұлттық құрама капитаны Ринат Сағандықов өзіне үнемі жеңіс әкелетін ұтқыр әдісін көрсетті. 

Әлем аренасында ел намысын қорғап жүрген спортшылармен тәжірибе алмасу оқушылар үшін тосынсый болды. 

Бүгінгі кездесу жастарды қанаттандырып, жігерін жаныды. Ал келесі кездесу Мұғалжар, Байғанин аудандарында өтеді.