Темір ауданында еркін күрестен елге танымал палуандары шеберлік сағатын өткізді

Темір ауданында еркін күрестен елге танымал палуандары шеберлік сағатын өткізді

Ауыл адамдары да фитнес залға барып, жаттығу жасай алады. Темірлік кәсіпкердің бұл жобасы Біріккен ұлттар ұйымының "Даму" бағдарламасы аясында қолдау тапты. Қомақты қаржыға қажетті жаттығу құралдарын сатып алып, әлем чемпиондарының қатысуымен ашылу салтанатын өткізді. Аудан жастарымен кездесудің сәті түсті. Бұқаралық спортты дамытудың алғышарты дайын. Енді тек іске кірісу керек. 


Жас кәсіпкер Нұрсұлтан Қабыл «Атамекен» палатасы арқылы БҰҰ-ның бағдарламасын естіп, бизнес жоспарын құрды. Нәтижесінде 1 жарым млн теңге грантқа ие болды. Жеке кәсіпкердің бастамасын қолдап келген бокстан әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Галиб Джафаров, Ақтөбе облысы грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов пен аудан әкімі орталықтың лентасын қиып, жаңа нысанмен танысты. 


Мұнда кез келген адам спортпен айналыса алады. Залда заман талабына сай түрлі жабдық орнатылған. Арнайы фитнес клубы курсынан өткен мамандар қызмет көрсетеді. Бүгінде 50-ге жуық аудан тұрғыны денсаулығын шыңдауға ниет білдірді. Орталықтың жұмыс кестесі келушілердің ыңғайына қарай бекітілді.


«Даму» бағдарламасының шарты бойынша 2 адам жұмыспен қамтылды. Жастарды спортқа баулып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін орталықтың жұмысына ауыл тұрғындары да дән риза.


Салтанатты шарадан соң, мәдениет үйінде жастар саясаты және дін істері орталығының ұйымдастыруымен "Біздің елдің жігіттері" атты спортшыларымен кездесу өтті. "Басты мақсат - облыстан шыққан үздіктерді жас толқынға үлгі ету",- дейді ұйымдастырушылар.
Ия, аға буын спортшылардың ақыл кеңесі мен тәжірибесі жастарға ауадай қажет. Шеберлік сағатын аудандық спорт мектебіндегі үйірмеге қатысып жүрген балалар мен жасөспірімдердің асыға күткені көрініп-ақ тұр. Олар бірден шаршы алаңға шығып, күресе кетті. 


Шеберлік сағатында спортшылар оқушыларға қорғану жолын, еркін күрес пен дзюдо арасындағы айырмашылық жайлы баяндап, қарсыласты жер жастандыру айласын көрсетті. Жастарға дұрыс жаттығу, салмақты ұстау, тамақтану ережелерін айтып, тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу соңында, шеберлер өздері үйреткен тәсілдерді қайта көрсетіп, жиналғандардың алғысына ие болды. 

А.САМАРХАНОВА