Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында кәсіпкер болашақ шаштараздарды өзінің сұлулық салонында оқытады.
«MNbrand» салоны жұмыссыз әйелдерге арналған оқу орталығы болды Алматы сән және дизайн колледжінің түлегі, «Beautymania» жеке кәсіпкерлігінің иесі Мадина Жалғасбаева өзінің «MNbrand» салонын әлеуметтік бастама аясында оқу орталығы ретінде ұсынды.
Жоба шеңберінде он жас әйел сұлулық индустриясында сұранысқа ие мамандықты игеруге мүмкіндік алды. Оқыту тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен ыңғайлы жағдайда өтуде. Қатысушылар шаштараз өнерінің негіздерімен танысып, шаш қию, бояу, сәндеу және клиенттермен дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгеруде.
Бұл бастама әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыруға және қызмет көрсету саласында кәсіби дамуына ықпал етуді мақсат етеді.
Салон халық тығыз қоныстанған «Есет батыр» тұрғын алабының белсенді екінші шағын ауданында орналасқан, сондықтан келушілер ағыны үлкен. Осыны ескере отырып, иесі жұмыссыздар мен жаңа бастаған шаштараздарды оқыту туралы шешім қабылдап, салонын оқу орталығы ретінде ұсынды. Алайда, оқу құны көпшілік үшін қолжетімсіз болып шықты.
Кейінірек ол өңірлік кәсіпкерлер палатасы – «Атамекеннің» әлеуметтік әріптес болуға мүмкіндік беретінін білді. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында ол Мансап орталығына (Карьерный центр) өтінім беріп, үміткерлерді оқыту үшін әлеуметтік келісімшартқа қол қойды.
Мансап орталығының маманы Райымгүл Қожантаева атап өткендей, 2024 жылы қабылданған Тұжырымдама 2029 жылға дейінгі бес жылға есептелген. Оның басты мақсаты – жұмыс орындарының санын арттыру және жұмыспен қамту құрылымының сапасын жақсарту.
Бұл жағдайда жұмыссыздар шаштараз курстарында оқиды. Сонымен қатар, олар үшін басқа да бағыттар қарастырылған. Мұндай серіктестіктің болашағы екі тарап үшін де тиімді. Үш айлық оқу кезеңінде шәкіртақы ретінде 43 574 теңге төленеді, ал тағылымдамадан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Мадина Жалғасбаева шәкірттерінің барлығын — он аруды — жұмысқа қабылдауға дайын екенін айтып отыр. Әрқайсысына ыңғайлы жұмыс кестесі жасалып, жағдай қарастырылады. Қалай болғанда да, болашақ шаштараздар сұлулық салондарында жұмыс істеуге немесе жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алады.
Кәсіпкер әйелдің пікірінше, шаштараз болу — жай ғана қолөнер емес, бұл — табыс көзіне айналатын өнер түрі.
Оқушылардың бірі — Гаухар Мусаева — екінші айдан бері ерлердің шаш қию технологиясын меңгеріп жүр. Ол күйеуімен бірге алты баланы тәрбиелеп отыр. Отбасы бау-бақша ұжымының аумағында тұратындықтан және сәбилерге қарайтын болғандықтан, бұрын жұмыс іздеуге мүмкіндігі болмаған. Енді ол өмірлік табыс көзі болатын шеберлікті меңгеруді қолға алды.
— Адамдар әрдайым шашын қидырып, өз-өзіне күтім жасайды. Сондықтан сұраныс әрқашан болады. Бұл дегеніміз — өзіңді де, отбасыңды да қамтамасыз етудің нақты жолы, — дейді жас ана.