Ақтөбе облысында егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоба белсенді жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда өңірде 24 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет көрсетуде, олар зейнет жасындағы адамдарға әртүрлі қолдау мен қызмет түрлерін ұсынады. Оның ішінде 10 орталық Ақтөбе қаласында орналасса, облыстың әр ауданында бір-бірден орталық ашылған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін бұл орталықтардың қызметін 513 адам пайдаланып үлгерген, әрі бұл көрсеткіш күн санап артып келеді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары тек дене шынықтыру сабақтарын ғана емес, сонымен қатар мәдени және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл егде жастағы азаматтардың қоғаммен байланысын нығайтуға және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
«Орталықтардың негізгі мақсаты – тек қана физикалық денсаулықты сақтау емес, сонымен қатар зейнет жасындағы азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау. Мұнда түрлі шығармашылық үйірмелер, әлеуметтік интеграцияға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл қариялардың әлеуметтік байланыстарын нығайтып, бос уақыттарын мәнді өткізуіне көмектеседі», – деп атап өтті басқармадағылар.
Көптеген зейнеткерлер үшін бұл орталықтар шынайы қолдау мен демалыс ордасына айналған. Қарым-қатынас жасау, түрлі шараларға қатысу және физикалық белсенділік тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, қарт адамдардың психологиялық жағдайына да оң әсерін тигізеді.