Өнер қайраткерлерімен кездесті

Өнер қайраткерлерімен кездесті

Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірімізге келген өнер қайраткерлері Асхат Маемиров, Қанат пен Светлана Айтбаевтар және жас көрермен театрының актерлерімен кездесті. 

Кездесу барысында облыс әкімі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында өңірімізге арнайы келген Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры ұжымына ризашылығын білдіріп, театр басшысы Асхат Маемировке алғысын жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, биыл еліміздің он өңірінде су тасқыны болды. Оның ішінде Ақтөбе өңірінде де бірқатар елді мекендер мен саяжайларды су басты. Соның салдарынан тұрғындар біраз әбігерге түсті. Қазір облыста жағдай тұрақтанды. Президенттің берген тапсырмасы аясында бүгінде тұрғындарды жаңа баспанамен қамту, жөндеу қажет үйлерге қаржылай көмек көрсету, азаматтарға кеткен шығындарын өтеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, Ақтөбенің халқы ұйымшылдығы мен бір-біріне деген жанашырлығын көрсетуде. Бір қарағанда, тұрғындарға психологиялық, рухани жағынан оңай емес. Алдағы уақытта бірқатар тұрғындар үйлерін тастап, басқа жерге көшуіне тура келеді. Міне, осындай қиын кезеңде сіздердің өңірге келіп, рухани демеп, біздің қолдап жатқандарыңызға қуанамыз.  Сіздер осы үш-төрт күннің ішінде тұлға ретінде халықпен жүздестіңіздер. Қойылым қойып, аудандарға шығып, тұрғындардың  көңілін көтердіңіздер. Сіздерге осы үшін ерекше алғысымды айтамын. Алда театр ұжымымен бірге жұмыс жасап, жақсы бастамаларды бірге жүзеге асырамыз деген үміттемін», — деген облыс әкімі Асхат Маемиров бастаған театр ұжымына ризашылығын жеткізді.  

Бұдан кейін басқосуда сөз сөйлеген музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров өнер ұжымының Ақтөбеге келген сапары сәтті болғанын, тұрғындар театрдың ұсынған шығармаларын жылы қабылдап, ерекше ықылас білдіріп жатқанын жеткізді.

«Біз сіздердің өңірлеріңізге «Ақтөбе, біз біргеміз» атты ұранмен келдік. Ондағы мақсатымыз — су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға рухани қолдау көрсету, ақтөбеліктердің көңілін көтеру. Жуырда Президентіміз су тасқыны болған облыстарды аралап, Үкіметке тапсырма берді. Мемлекет басшысы баспанасыз қалған азаматтарға материалдық көмек берумен қатар олардың бірінші кезекте рухын көтеру, көңілін жұбату өте маңызды екенін айтты. Сондықтан біз осы орайда Ақтөбе халқының көңілін өнер арқылы жұбатып, барынша қолдау көрсетуге келген болатынбыз. Біздің өнерімізді халық жақсы қабылдады. Әсіресе, ауылдағы ағайынның өнерге деген құрметі ерекше», — деген өнер қайраткері музыкалық жас көрермен театрының әртістері «Қамқор Ақтөбе-2024» қоғамдық қорына біркүндік еңбекақыларын аударғанын, ал театр ұжымының Ақтөбеде өнер көрсетуіне осы өлкеден шыққан кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов қаржылай демеушілік көрсеткенін атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат, Светлана Айтбаевтар, белгілі актер, музыкалық жас көрермен театрының мүшесі Асылхан Төлепов сөз сөйлеп, өнер ұжымына қолдау көрсеткен облыс басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Айта кету керек, аталған театр құрамындағы 12 жас — біздің өңіріміздің перзенттері.