
Егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау, олардың әлеуметтік, психологиялық және физикалық әл-ауқатын қолдау мақсатында Ақтөбе облысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді.
Бұл орталықтар зейнет жасындағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, қоғаммен байланысын сақтауға, денсаулығын нығайтуға және әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасайтын әлеуметтік орта болып табылады.
Ақтөбе облысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары 2021 жылдан бері жұмыс істеп, егде жастағы азаматтарға тегін қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы аясында өңірде 22 орталық жұмыс істейді. Олар 1100-ден астам азаматты қамтып отыр. Жыл басынан бері орталықтарда 450-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.
Орталықтардың қызметі егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Осы бағытта орталықтарда дене шынықтыру және емдік жаттығулар, массаж және сауықтыру шаралары, психологиялық тренингтер мен кеңестер ұйымдастырылады. Сонымен қатар қолөнер, сурет салу, ән-күй және би үйірмелері, еріктілік және клубтық жұмыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ орталық мамандары егде жастағы азаматтарға eGov электрондық үкімет порталын пайдалануды, компьютермен және смартфонмен жұмыс істеуді үйретеді.
Орталықтарда ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да ерекше мән беріледі. Аға буын өкілдері оқушылармен және студенттермен кездесулер өткізіп, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, отбасылық құндылықтарды және қазақ халқының рухани мұрасын насихаттайды.
Ақтөбе облысында егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау, олардың қоғамдағы әлеуетін қолдау және әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.