Отбасы – береке мен бірліктің бастауы

Отбасы – береке мен бірліктің бастауы

Отбасы күніне орай қалалық Дағдарыс орталығында тағылымы мол, мазмұнды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, шаңырақтың жылуы мен өзара сыйластықтың маңызын насихаттаған басқосу орталық қызмет алушыларына ерекше көңіл күй сыйлады.

Іс-шараға өңіріміздің мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасы бар үздіктері, 55 жыл бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, жарасымды өмір сүріп келе жатқан үлгілі отбасы – Мақзұм мен Шалқия Бақытжановтар, сондай-ақ театр және кино өнерінің өкілдері Шынтас пен Айнагүл арнайы қатысты.

Жарты ғасырдан астам уақытты бірге өткерген Бақытжановтар отбасының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі тарих. Қос жүректің бір-біріне деген құрметі, қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөлісуі – берік отбасының басты құндылықтары екенін аңғартты. Қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасыдағы татулық, түсіністік, кешірім мен өзара қолдаудың маңызы жөнінде жүрекжарды әңгімелерін ортаға салды.

Ал театр және кино әртістері Шынтас пен Айнагүл де шығармашылық жолдарымен қатар, отбасы өміріндегі адамгершілік құндылықтар туралы ойларын айтып, орталық қызмет алушыларымен еркін пікір алмасты. Жылы жүздесу барысында қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, қонақтармен ашық әңгіме өрбітті.

Мерекелік шараның сәнін Жетесовтер отбасынан құралған «Шашу» ансамблі келтірді. Өнерлі отбасы әуелете ән шырқап, ұлттық нақыштағы әсем өнерлерін көпшілік назарына ұсынып, жиылғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен әуезге ұласқан кеште отбасы тақырыбының қадір-қасиеті айқын сезілді.

Осындай мазмұнды кездесулер – қиын кезеңді бастан өткеріп жүрген жандарға рухани демеу беріп қана қоймай, өмірге деген сенімін нығайтып, отбасы құндылықтарының маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Отбасы – адамға күш беретін қасиетті шаңырақ, ал оның берекесі – сыйластық пен сүйіспеншіліктен басталады. Бүгінгі мерекелік шара да осы қарапайым әрі өміршең қағиданың мәнін тағы бір мәрте айшықтады.