Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту
«Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша жүйелі түрде жұмыс жасайды.
«Халықтың көшi-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес, этникалық қазақтарға «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі көрсетіледі.
"Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту" туралы өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе жергілікті атқарушы орган - «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-сі арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға ақысыз негізде бес жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өмірбаян (еркін нысанда);
2) өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары);
3) өтініш берушінің оралман мәртебесін беру немесе ұзарту Қағидалары 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттарға сәйкестігін белгілейтін құжаттардың көшірмелері.
Өтініш берушілер оралман мәртебесін ұзартқан кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен алу мақсатында өтінішті және бұрын берілген оралман мәртебесінің көшірмесін береді.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары (өмірбаянды қоспағанда) өтініш берушіге қайтарылады.
Көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды талап етуге жол берілмейді.
2020 жылдың 1 қарашасына Ақтөбе облысына 46 отбасы – 66 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды (Өзбекстан Республикасынан 95,4% , Ресей Федерациясынан 3%, Қытай Халық Республикасынан 1,5% ).
Облысқа көшіп келушілердің басым көпшілігі Ақтөбе қаласы және облыс орталығына жақын орналасқан Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарында қоныстанған.
2020 жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласына (63,3%), Алға ауданына (4,5%) және Мәртөк ауданына (15,1%) , Мұғалжар ауданына (3,03%), Хромтау ауданына (4,5%), Темір ауданына (9,09%) қоныстанды.
Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қазақтардың саны 65,1 %-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 25,7%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды.