Ақтөбеде «Жастар. Жігер. Болашақ» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ақтөбеде «Жастар. Жігер. Болашақ» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Бүгін Халықаралық жастар күніне орай Ақтөбе облысының Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен «Жастар. Жігер. Болашақ» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
 
Жәрмеңкеге 20-ға жуық ұйым мен кәсіпорын қатысып, жұмыс іздеушілерге 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Іс-шараға жастар тарапынан қызығушылық жоғары болды. Қатысушылар жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысып, сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алды.
 
Жұмыс орындары өндіріс және өнеркәсіп, білім беру, сауда және қызмет көрсету, көлік және логистика, құрылыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, күзет және қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие салалар бойынша ұсынылды.
 
Сонымен қатар жас мамандарға мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» бағдарламасы таныстырылды.
 
Ақтөбе облысындағы өзекті бос жұмыс орындары Enbek.kz Электрондық еңбек биржасына тұрақты түрде орналастырылады. Бүгінде порталда облыс бойынша 2 000-нан астам бос жұмыс орны бар.
 
Жұмысқа орналасу, жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларына қатысу және кеңес алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіне алады.