Әйел әлеуетін арттырған бастамалар: Ақтөбеде 2 мыңға жуық ана тегін білім алды

Әйел әлеуетін арттырған бастамалар: Ақтөбеде 2 мыңға жуық ана тегін білім алды

Ақтөбе қаласының Отбасын қолдау орталығы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Орталықтың басты мақсаты – аналардың кәсіптік дағдыларын дамыту, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына қолдау көрсету.

Бұл бағыттағы жұмыстар өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында жеке кәсіпкерлермен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Мансап орталығымен және Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Серіктестердің қолдауымен әйелдердің кәсіби біліктілігін шыңдауға, кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге арналған түрлі жобалар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Орталық базасында ұйымдастырылған тегін курстар мен шеберлік сағаттарының мазмұны да заман талабына сай әртараптандырылған. Қатысушылар «Шаш қию. Сәндеу. Бояу» бойынша екі күндік шеберлік сағатына, «Аналар аманаты» құрақ құрау, «Сәби массажы» курстарына қатысып, «Пайдалы ас мәзірі», «TikTok және Instagram арқылы жеке брендті дамыту», «MasterMind» практикумы, ересектерге арналған массаж, макраме, сабын жасау және тойбастар дайындау бойынша шеберлік сағаттарында жаңа білім мен тәжірибе жинақтады.

Бұл бастамалардың нәтижесі де көңіл қуантады. Бүгінгі күнге дейін Орталық ұйымдастырған оқыту бағдарламалары арқылы 2 мыңға жуық ана білім алып, курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды. Олардың бір бөлігі жаңа мамандық игерсе, енді бірі өз кәсібін бастап, табысын арттыруға мүмкіндік алды.

Орталықтың тұрақты әрі сұранысқа ие жобаларының бірі – «Алтын оймақ» тігін курсы. Жоба аясында алғашқы үш лек оқуын сәтті аяқтап, 26 анаға сертификат табысталды. Ал 2026 жылғы 21 шілдеде төртінші лек өз жұмысын бастап, бүгінде 23 ана тігін өнерінің қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Сонымен қатар, цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін жаңа бағыттар да қолға алынуда. Қазіргі уақытта «Бір телефон – мың мүмкіндік: SMM және мобилографияны нөлден бастау» атты екі апталық курс ұйымдастырылып, оған 10 қатысушы білім алуда. Бағдарлама қатысушыларға әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, сапалы контент әзірлеу және жеке брендті дамыту бойынша практикалық дағдыларды үйретуге бағытталған.

Әйелдердің кәсіби және жеке дамуына жол ашатын мұндай бастамалар олардың экономикалық дербестігін нығайтып қана қоймай, қоғамдағы белсенділігін арттыруға да ықпал етуде. Ақтөбе қаласының Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да аналардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасап, олардың білім алып, кәсіп игеруіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.