Жергілікті өндірушіні қолдаңыз

Жергілікті өндірушіні қолдаңыз

15 шілде күні Ақтөбеде жыл сайынғы өңірлік «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары өтеді. Аталған іс-шаралар облыстың үздік тауар өндірушілерін бір алаңда тоғыстырады.

Көрмеге жергілікті 80-ге жуық тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынады. Келушілер өңірде өндірілген сапалы тауарлармен танысып, жаңа брендтерді ашып, отандық кәсіпкерлерді қолдап, өнімдерді тікелей өндірушілерден тиімді бағамен сатып ала алады.

Көрмеде «Бір ауыл – бір өнім» байқауына қатысушылардың жобаларына да арнайы орын бөлінеді. Бұл жоба жергілікті өндірісті дамытуға, бірегей өнімдерді ілгерілетуге және ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған.

— «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары жергілікті өндірушілерді қолдаудың маңызды алаңына айналды. Бұл – кәсіпорындар үшін өз өнімдерін таныстыруға, жаңа серіктестер табуға және тауар сапасына әділ баға алуға берілетін мүмкіндік.

Биыл кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шаралары, бизнесті дамыту және отандық өнімді ілгерілету мүмкіндіктері туралы сарапшылар қатысатын ақпараттық-оқыту семинарлары да ұйымдастырылады.

Ал облыс тұрғындары үшін көрме өңірімізде өндірілген үздік тауарлармен танысып, оларды өндірушілерден тікелей сатып алып, жергілікті бизнесті қолдауға тамаша мүмкіндік болады. Барша ақтөбеліктер мен қала қонақтарын көрмеге қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары облыс атынан республикалық кезеңде бақ сынайды, — деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Іс-шараны Ақтөбе облысының әкімдігі мен *«Атамекен»* кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады.

Көрме 15 шілде күні сағат 10:00-де Өнер орталығында (мекенжайы: Әбілқайыр хан даңғылы, 90Б) басталады.

Кіру барлық келушілер үшін тегін.

Дереккөз:"Актюбинский вестник" газеті, Ақтөбе облыстық "Атамекен" палатасы